010005, Астана қаласы, Алматы ауданы, Тоқпанов көшесі, 33, 307-кеңсе
Артқа
"АЛМАТЫ СУ" МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНА ҚАЗАҚСТАН СУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ САПАРЫ БАРЫСЫНДА СУ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан су Қауымдастығының төрағасы Зейнұлқабден Табиғат жұмыс сапарымен еліміздің ең ірі мегаполисі — Алматы қаласына келіп, Қазақстанның су секторындағы жетекші кәсіпорындардың бірі, қала тұрғындарын сумен жабдықтау және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ететін «Алматы Су» МКК қызметімен танысты және қауымдастықтың алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарларын таныстырды.

«Алматы Су» МКК басшылығы мен Табиғат Қабденұлы мегаполистің су құбыры және кәріз шаруашылығының қазіргі жағдайын, саладағы негізгі сын-қатерлер мен дамудың басым бағыттарын талқылады.


Кездесу барысында өндірістік және техникалық персоналды кадрлық қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың еңбекақысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тарифтік реттеуші органмен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тарифтік саясатты жетілдіру, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бойынша бірлескен жұмыстың қажеттілігі атап өтілді.


Тараптар өндірістік процестерді цифрландыру, инженерлік желілерді басқаруды автоматтандыру және заманауи IT-шешімдерді енгізу мәселелерін де талқылады. Бұл шараларды іске асыру инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыруға, су шығындарын азайтуға және апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.


Сонымен қатар, деректерді қашықтан беру мүмкіндігі бар интеллектуалды су есептеу құрылғылары — Smart Water Metering жүйесін енгізу мәселесі жеке қаралды. Заманауи есепке алу технологияларын енгізу су тұтынудың ашықтығын арттырып, су үнемдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға ықпал ететіні атап өтілді.


Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан су Қауымдастығы мен «Алматы Су» МКК сала дамуына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге бағытталған өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін растады.