Қытайдың Тяньцзин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды.
Мемлекет басшысы климат өзгерісінің бүкіл әлем елдері үшін ортақ сын-қатер екеніне тоқталды.
«Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге – шөлейттену, құрғақшылық, су қоймаларының тартылуы, мұздықтардың еруі және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа орталық су ресурстарын басқару, табиғатты қорғау және өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге ықпал етеді.
