29 шілдеде Қазақстан су Ассоциациясының кеңсесінде ауызсуды залалсыздандыруға арналған заманауи электрохлорлау жүйелерін әзірлейтін түріктің Kemisan Klor-Alkali A.Ş. компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге компанияның сату жөніндегі директоры Serdar Kotil, Kemisan компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі Душебаев Саян, сондай-ақ «Комфортный город» ЖШС өкілдері Асхат Майлин мен Серик Мухаметжан қатысты. Қазақстан су Ассоциациясы атынан қонақтарды атқарушы директор Орынбасар Абыл қарсы алып, Ассоциацияның қызметі мен алдағы ынтымақтастық бағыттары туралы таныстырды.
Кездесу барысында Kemisan өкілдері су, тұз және электр энергиясын пайдалану арқылы су шаруашылығы нысандарында натрий гипохлоритін тікелей өндіруге мүмкіндік беретін технологияларды таныстырды. Бұл шешімдер қауіпті газ тәрізді хлорды қолданудан бас тартуға, нысандардың қауіпсіздігін арттыруға, пайдалану шығындарын азайтуға және су шаруашылығы кәсіпорындарын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Kemisan жабдықтары Қазақстанда сәтті қолданылуда. Астанада өнімділігі сағатына 15, 16 және 20 кг болатын үш электролиз қондырғысы жұмыс істейді, ал Атырауда өнімділігі сағатына 16 кг болатын қондырғы пайдалануға берілген.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылық білдірді. Сонымен қатар, Kemisan Klor-Alkali A.Ş. компаниясы Қазақстан Су Ассоциациясының мүшелігіне кіру ниетін растады.
