«Бавария – Fit for Partnership» бағдарламасының қорытынды күні қазақстандық делегация BIOWORKS Verfahrenstechnik GmbH компаниясында (Путцбрунн қаласы) болды. Компания ағынды суларды тазарту саласында кешенді инженерлік жобалау және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу бағытында қызмет атқарады. Сонымен қатар, BIOWORKS Verfahrenstechnik GmbH Қазақстан су Қауымдастығының мүшесі болып табылады, бұл екіжақты ынтымақтастықтың маңызын арттыра түседі.
Кездесу барысында компания мамандары ағынды суларды тазарту нысандарын жобалау мен салуда қолданылатын заманауи инженерлік шешімдерді таныстырып, халықаралық жобаларды іске асыру тәжірибесі және саланың даму перспективалары туралы ақпарат берді.
Бағдарламаның қорытынды іс-шарасы Bayern International ұйымының қатысуымен өтті. Кездесу барысында қазақстандық делегацияның жұмыс сапарының нәтижелері қорытындыланып, қатысушылар бағдарлама аясында жинақталған тәжірибе мен алған білімдерінің практикалық маңыздылығын атап өтті.
Бағдарламаны сәтті аяқтағаны үшін Қазақстан делегациясының барлық мүшелеріне «Бавария – Fit for Partnership» біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысқанын растайтын сертификаттар табысталды.
Бағдарлама қазақстандық су шаруашылығы саласының мамандарына Германияның сумен жабдықтау, су бұру және ағынды суларды тазарту саласындағы озық технологиялары мен үздік еуропалық тәжірибесін зерделеуге, сондай-ақ Баварияның жетекші компанияларымен кәсіби байланыстарды нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.
